Астанада этникалық сән марафоны өткізілді

Астанада этникалық сән марафоны өткізілді

Елорданың «Жастар» сарайында тұңғыш рет Қазақстан мен Украина белгілі дизайнерлерінің халықаралық этникалық сән марафоны өткізілді. Бұл игі шара «Болашақтың энергиясы» ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізу шеңбері барысында қолға алынды.

Аталған іс-шараны ұйымдастырушы-Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Сән марафонын өткізу идеясын ұсынған елордалық «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігі.

Халықаралық этникалық сән марафоны шымылдығын ашқан Олеся Вакуленконың «Өмір ағашы» атты топтамасы көпшілік назарын өзіне аударды. Бұл «прет-а-порте» атауымен танымал әйелдер көйлегінің топтамасы шеберлер қолынан шыққан украин халқының әсем өнімі. Ол нақышты ою-өрнекпен көмкерілген күнделікті өмірде тұтынатын көйлек және оны салтанатты жағдайларда да киюге болады.

Іс-шара барысында украин халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне негізделген стилистикалық сапа жағынан дау туғызбайтын «Валерия Немушенко» бренді көпшілікке ұсынылды. Украина дизайнерлерінің мақтанышына айналған «Пава» әшекейі олардың ең көркем дүниесі болды. Осы ғажайып әшекейлердің біріндегі тауыс құсы отбасы бақытын бейнеледі.

«Мұра» атауымен көпшілікке таныстырылған Лариса Черникованың сән топтамасы да өзіндік ерекшелігімен көпшіліктің қызығушылығын туғызды.  «Ежелгі сәндік үлгі мұраларын қазіргі жаһандық үрдіске бейімдеп шығардық. Осында әкелінген топтамалардың бәрі ғажайып ою-өрнектермен көмкерілген және дәлдік геометриялық сызықпен үйлескен сапалы өнімдер»,-деді Л. Черникова.

Қазақстандық дизайнерлердің де өнімдері ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. «Ұлы дала маржаны» атауымен Майя Ди топтамасы мен  Ақбота Тоқтасынованың «Қыз Жібек» топтамасын атап өтуге болады. Олардың дүниелері халық шығармашылығынан  нәр ала отырып, әйел бейнесін әсем көркемдеген. Шымкент қаласынан келген Марат Ерімбетовтің «Тас үні» топтамасын, Петропавл қаласынан келген Айкүміс Бекзаттың «Айару» топтамасын ерекше атап өтуге болады. Ал  этно үлгіде көмкерілген ұлттық нақыштағы «Тұмар ханшайым» мен «Ақбата» атты топтамаларды  дизайнерлер  Г. Наетова мен Ж. Байжанова көпшілікке ұсынды. Олардың бұйымдарын да жұртшылық жылы қабылдады.

Этникалық сән үлгісі бағдарламасында қазақстандық эстрада әртістері мен «Оберег» украин қоғамы» қоғамдық бірлестігінің шығармашылық ұжымы  өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге, іс-шара барысында дизайнерлік жиһаздарға негізделген ұтыс лотереясы мен көрме-жәрмеңке өткізілді. Оның барысында халықтық шығармашылықтан нәр алған авторлардың картиналары келушілерге ұсынылды.

Осы әсем кешті қорытындылау сәтте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ресей ұлттық дизайнерлер академиясының академигі, өнер және кескіндеме профессоры, әділқазылар алқасының төрағасы Е.С. Асылханов этникалық сән марафоны жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапаттады.

Сонымен, бірінші орын иесі Украина халық өнері шеберлерінің ұлттық одағының мүшесі Харьковтен келген дизайнер Олеся Вакуленкоға бұйырды. Екінші орын тұғырына Ақбота Тоқтасынова көтерілсе, үшінші орын дизайн магистрі елордалық Марат Ерімбетовке берілді.

Тұңғыш рет өткізілген халықаралық этникалық сән марафонында қатысушылар өз елдерінің бай мәдениетін көпшілікке таныстырып, тарихи кешті әсем өткізді. Осы арқылы әрбір шығармашылық өкілдері қомақты үлес қосты.

Халықаралық этникалық сән марафонының басты мақсаты-сән және дизайн саласы мамандарының басын біріктіру, таланттарды қолдау, авторлардың ұлттық нақыштағы киім дизайнері орталығын құру, этникалық киімдерді дәріптеу, Қазақстанда тұрып жатқан этностардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарап, оны үйлесімді құрылымдау, әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан Республикасының мәдени-тарихи мұрасының танымалдығын арттыру.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған