Еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленістер талқыланды

Еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленістер талқыланды

Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі  «Концерн «Цесна-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мәселесін талқылады.

Жиынға елордалық ҚХА мен мемлекеттік органдар өкілдері, Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен «Концерн «Цесна-Астық» ЖШС кәсіпорынының еңбеккерлері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленістің алдын алу бойынша Астана қаласы кәсіподақ орталығы мен қоғамдық келісім кеңесінің өзара ықпалдастығына арналған өзекті мәселелерді талқылады.

Өз кезегінде сөз алған «Астана қаласының кәсіподақ орталығы» ҚБ төрағасы С.Б. Мыңбаев кәсіподақ қызметін жан-жақты әңгімелеп, меншік нысандарына қарамастан жұмыс берушілерге еңбек заңдылығы ережесі мен оның нормаларының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге және еңбеккерлердің еңбек қатынастарын реттеуге әзір екендіктерін атап өтті.

«Концерн «Цесна-Астық» ЖШС «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы К.К. Бекназаровтың ақпарына жүгінсек, өз кәсіпорнындағы үздік еңбеккерлерді жыл қорытындысы бойынша ынталандыру мәселесі жолға қойылған. Осылардың қатарына несиені өтеу, шипажайларда дем алулары үшін жолдама мен тағы басқалар кіреді. Бастысы, көпұлтты кәсіпорын өз қызметкерлеріне айрықша қамқорлық жасап отыр екен. Бұл жердегі еңбеккерлер тұрақты жалақымен қамтылған және оларға әлеуметтік көмек ретінде тегін түскі ас беріледі, көлікпен қамтамасыз ету мәселесі мен жақсы еңбек жағдайында демалу мәселесі жолға қойылған.

Жиында қозғалған мәселелердің қатарында еңбек дауларын медиация институтымен шешу ісіне мән беріліп, ол бойынша «Астана қаласы медиацияны дамыту орталығы» РҚБ өкілдігінің директоры С.Т. Қалиева соттардың іс қарауы мен медиация артықшылықтарын айтып берді. Жалпы, бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық қатынастар жүйесіндегі басты медиатор ретінде әмбебап институт қатарына жатқызылған.

Шығып сөйлеушілер еліміз тұрақтылығы әрбір азаматқа байланысты екендігіне басымдық берді. Бұл ретте Қазақстан халқы ассамблеясы тұрақтылықтың діңгегін берік сақтау мақсатымен қоғамдық келісім кеңестерін, кәсіподақтар ұйымдары мен медиация кабинеттерін құрған.

2013 жылғы Қазақстан халқы ассамблеясының XX сессиясы шешімімен қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Бүгінде осыған сәйкес елордада 5 кеңес жұмыс жасайды, соның бірі «Концерн «Цесна-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде орналасқан.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған