Рухани жаңғыру – заман талабы

Рухани жаңғыру – заман талабы

Адамзат баласының ақылымен, ерік-жігерімен, күш-қуатымен жасалып жатқан барлық істердің дерлігі күні ертең тарих еншісінде болады. Осы тұста біртұтас елді қарқынды дамытып, бейбіт жағдайда ұстап тұру ісі әсте оңай еместігін баса айтқым келеді.

Қазір көп нәрсе өзгерді. Өзгермей кері кеткен, басынан дау кетпей соғыстан көз ашпаған елдер де баршылық. Қара жер қанмен жуылған бұл аймақтардағы бейкүнә сәбилер білім алмақ түгілі, үрей мен қорқынышта өмір сүріп жатыр. Осындай жантүршігерлік көріністердің араңдатушылықтың салдарынан болып жатқандығы жасырын емес.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «алдымен экономика, сосын саясат» деген қағидамен іргелі істердің ауқымын саралап, сала ведомстволарына нақты міндеттер жүктеді. Соның нәтижесінде еңселі елорда бой түзеді. Бұл жаңа ғасырдың алғашқы сәттеріндегі ғажайыпты аса ұқыптылықпен әрі шеберлікпен іске асыра білген Ұлт көшбасшысының елеулі еңбегі еді.

Жаңа елорданың қалыптасуымен қатар керегесі мықты бекемделген және барлық ұлттардың ортақ шаңырағы болған Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, ол бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісіне айнала білді. Бүгінде оның ауқымы кеңейіп, республикамыздың барлық аймақтарында қызмет жасауда. Қазақстанның бас ордасындағы  ассамблеяның осылайша тынысы кеңейіп, барлық мемлекеттік және үкіметтік емес органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Дәл қазір рухани жаңғыру мәселесіне қатысты бірнеше істерді қолға алды. Оның бер жағында қайырымдылық шараларын өткізіп келеміз.

Қоғам дамуында жастардың алар орыны ерекше. Сондықтан біз Астана қаласындағы жастар ұйымдарымен, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалымен, оның «Жас Отан» жастар қанатымен ортақ жұмыстарды бірлесіп атқарудамыз. Бұл ретте алдымен мемлекеттік тілге, сосын әрбір ұлттың өзінің ана тілін үйренуіне және оны меңгеруіне басымдық беріп келеміз.  Қазір елордада 24 этномәдени бірлестіктер бар. Сондай-ақ, өз алдына 12 жексенбілік мектептерінің бар екенін атап өткен жөн. Онда ана тілді үйрену мәселесі, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, мәдениет пен тарихты жас ұрпақтар бойына сіңіру ісі жақсы жолға қойылған. Осы орайда, алдағы уақытта еріктілерге ағылшын тілін оқыту жоспарда бар екенін атап өткім келеді.

Жақында Қазақстан халқы ассамблеясы экологиялық акция өткізіп, Астананың жасыл белдеуін одан әрі көгалдандыруға атсалысты. Осы істің тиянақты орындалуына  Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, спортшылар және  Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері біркісідей жұмылып, Елбасының «жасыл белдеу» бастамасының  өміршеңдік ғұмырына іс-әрекетпен жауап берді. Акцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Дархан Қамзабекұлы Мыңбай осы маңызды жұмыстың басты бағдарына тоқталып өтті: «Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Астананың жасыл белдеуі-бұл орман біздің таза ауамен дем алуға мүмкіндік беретін еліміздің тыныс органы-«өкпесі». Біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, мәңгілік мұра». Расымен де, бұл кейінгі ұрпақ үшін үлкен мұра. Осындай қолдан егілген орман ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ. Бұл-бірегей қазақстандық жоба. Қазір Астана маңының 80 мың гектардан аса  аймағын орман құрап отыр. Ендігі мақсат Елбасы тапсырмасы бойынша осы орманға бағалы тұқымды ағаштар отырғызып, оны әрі қарай дамытып, болашақта оны Бурабай орманына ұластыру», – деп атап көрсетті ол.

Жалпы, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері  елдің мүддесін көздейтін мұнан өзге де жұмыстардың бел ортасында жүр. Сондықтан осындай алтын қолды азаматтардың еңбегін ескеруді парыз санаған Президенттің тапсырмасымен қолға алынған  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруда құзырлы орын тарапынан ұсынылған кандидаттардың өмірбаяны мен еңбек жолын біз  «Ұлы даланың жаңа есімдері» атты маңызды жобада атап көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы оларды халыққа кеңінен таныстырудамыз. Бір сөзбен айтқанда, біз әрдайым барша ұлттармен бірге еліміздің қарқынды дамуына еселі еңбекпен үлес қоса беретін боламыз.

Бақытжан Әбілдинов,
Астана қаласы әкімдігі жанындағы
«Қоғамдық келісім» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің директоры